Велотректе «Наурыз мейрамын» мерекелеуге арналған шара өтті

21.03.2019

Бүгін «Сарыарқа» велотрегі аумағында «Наурыз мейрамын» мерекелеуге арналған шара өтті.

Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды, махаббат пен татулықты айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Ол өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Мақсаты – барлық адамдарды бір шаңыраққа жинап, бұқаралық спортқа тарту.

Шара барысында жылдағы дәстүрге сай киіз үй тігіліп, меймандар ұлттық тағамдардан, әсіресе, наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты. Шығармашылық ұжымның өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, салт-дәстүрге сай «Тұсаукесер» көрінісі қойылды. Қазақ халқының ұлттық, тоғызқұмалақ, Ләңгі тебу ойындары қайта жаңғыртылып, қол күрес және қазақша күрестен спортшылар өнер көрсетті.

Аталмыш мерекенің және Жастар жылының құрметіне орай велошеру өтті. Велошеруді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты. Оған жасы да, қарты да бар барлығы 130-ге жуық адам қатысты. Барлық қатысушылар бағыт бойынша 6 шақырым жерді бағындырды. (Қабанбай батыр - Тұран көшесі).

Жарыс қорытындысына сәйкес ерлер арасында 1 орынды Ержан Өмірқұл, 2 орынды Данияр Құттыбек, 3 орынды Андрей Крейс иеленді. Ал әйелдер арасында 1 орынды Анастасия Ларцова, 2 орынды Жансая Әбдікәрімова, 3 орынды Ляззат Рамазанова қанжығасына байлады. «Ең жасы үлкен қатысушы» аталымы бойынша Сағдат Сергебаев, Ляззат Рамазанова, ал «Ең жас қатысушы» аталымы бойынша Тимур Сейітбеков, Анастасия Ларцова марапатталды. Жеңімпаздарға Грамота мен естелік медальдар және велошеруге қатысқан барлық балаларға сыйлықтар табысталды.

Жиналған қауым Наурыз мерекесінде жүрекжарды лебіздерін арнап, шат көңіл, бақыт пен береке, жаңа жетістіктер тіледі.


Велосипед спортынан ОДО баспасөз қызметі

Бөлісу: